Елордалықтардың тарапынан iKomek орталығына келіп түскен өтініштерінің үштен бірінен астамы омикрон штамына қатысты. Мұндай мәліметпен жаңа жылдың алғашқы айын қорытындылаған орталық мамандары бөлісті. Жалпы қаңтар айында олардың қызметіне 224 мыңнан астам адам жүгінген. Оның 72 мыңы денсаулық сақтау саласы бойынша кеңеске мұқтаж болған. Қалалық орталықтың басшысы Жаннат Дүбірованың айтуынша, өтінімдердің 97,5% қанағаттандырылған.
Жаннат Дүбірова, Нұр-Сұлтан қаласы iKomek орталығының басшысы:
- Осы жылдың қаңтар айында тұрғындарымыз негізінен коронавирус инфекциясының белгілері, емханаға тіркелу, дәрігерді немесе мобильді бригадаларды үйге шақыру сынды мәселелерімен жүгінді. Сондай-ақ ай соңында тіркелген емханалардың байланыс нөмірлері және вакцинация, ревакцинация сұрақтарына қатысты қоңыраулар жиілеп кетті. Яғни елордалықтарды жалпы әлем жұртшылығын алаңдататын омикронның таралуы қатты мазалайтынын аңғардық.
iKomek бірыңғай байланыс қызметі 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол АҚШ пен Канададағы осы текті орталықтар тәжірибесі негізінде құрылды. Адамдар мұнда денсаулық сақтау, білім беру, қоғамдық көлік және жалпы қала тіршілігінің мәселелері бойынша жүгіне алады. Операторлармен 109 нөміріне қоңырау шалу немесе әлеуметтік желілер және мобильді қосымша арқылы байланысуға болады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов