Қазақстанда 2023 жылдың қаңтарынан жастарға арналған жеңілдетілген микрокредит берудің жаңа тетігі енгізілетін болады. Шағын несие рәсімдеуге 21 ден 35 жасқа дейінгі азаматтар өтініш бере алады. Еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан мәліметке сай, қаржыны фермерлер, сондай-ақ, тауарлар мен қызметтерді өндірушілер ала алады. Несие алуға рұқсат алғандар қолайлы шарттарға ие болады. Бес млн теңгеге дейінгі несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2,5% -тен аспайды. Қарыз 5 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Жалпы, 2023 жылға арналған республикалық бюджетте жастарға шағын несие берудің осы тетігін іске асыру үшін 28 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Бұл 5 жарым мыңнан астам жастарға жеңілдетілген микрокредит алуға мүмкіндік береді.