Қазақстаннан 4 мың жылдық тарихы бар пирамида табылды. Құнды ескерткіш Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданындағы Қырықүңгір қойнауынан шықты. Ғалымдардың айтуынша, тастан тұрғызылған мұндай артефактіні Еуразия даласынан кездестіру екіталай.
Қазір жәдігердің бетін аршып, қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Ежелгі заманның құрылысшылары ғажайып туындыны салуға 1 тонна тас жұмсаған», – дейді мамандар. Тіпті сол кезеңдегі адамдар ғимарат салудан бөлек, металл игеру ісіне баса мән бергенін байқауға болады. Себебі маңайдан металдан және тастан жасалған жебе ұштары табылыпты. Археологиялық еңбектің жемісі мұнымен шектелмейді. Ғалымдар тас қабырғалардан жылқы мен жабайы жыртқыш аңдардың суреттерін тапқан. Сондай-ақ пирамиданың айналасынан үй жануарының сүйектері де табылып отыр. Олар 3856 жыл бұрын өмір сүргені анықталды.