Германияның Майндағы Франкфурт қаласында Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған фотокөрме ашылды. Экспозицияда еліміздің қазіргі заманғы сәулет өнері, ұлттық салт-дәстүрлері көрініс тапқан туындылар ұсынылды. Қазақстанның көркем табиғаты бейнеленген суреттер көпті көрген саяхатшылардың өзін таңғалдырды. Кейбіреулері тіптен келесі демалысын елімізде өткізбекке шешім қабылдаған.
Ханс-Петер Вилли, Швейцарияның Майн Франкфурттегі консулының орынбасары:
- Елдеріңіз қандай алуан түрлі! Көлдері де, шөлдері және замануи қалалары да бар. Бұған дейін осыны білмеппін, тек көрмеде ғана бүкіл сұлулығын көрдім. Енді Қазақстанға баруды көздеп отырмыз.
Ина Хаук, Майндағы Франкфурт магистратының кеңесшісі:
- Мұнда соңғы 30 жылда Қазақстанның қалай дамығанын көруге болады. Маған үлкен әсер қалдырды. Қазақстанда әлі болған емеспін, бірақ осы керемет елге барғым келеді. Ғылым, білім мен бизнесте арамызда тығыз ынтымақтастық орнаған. Барлық салада жұмысымыз табысты боларына үміт көп. Қаламыздың атынан қазақстандықтарды тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтаймын!
Көрме қонақтары қазақстандық әртістердің де өнеріне тәнті болды. «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ұжымы домбыра, жетіген және виолончель аспаптарында Құрманғазы күйлері мен халық әндерін орындады. Аспаптардың үйлесімді үні тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.
Дәурен Кәріпов, Қазақстанның Германиядағы елшісі:
- Биыл мемлекетіміздің тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Германияның аймағында фотокөрмені ұйымдастыруды жалғастырудамыз. Біздің мақсатымыз – мемлекетіміздің мәдениетін, дәстүрін, табиғатын, жалпы қоғамын жергілікті халыққа жеткізу. 30 жыл ішінде біздің мемлекетіміз егемендігін алып, дамып жатқандықтан осы бір фотолар арқылы мемлекетіміздің бейнесін көрсеткіміз келді.
Қазақстан мәдениетіне арналған көрме Мюнхен қаласында да өткізіледі деп жоспарланып отыр.