Бұл импортқа тәуелділіктен арылудың бірден-бір жолы дейді Мәжілістің Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі. Ербол Қарашөкеевтің мәлімдеуінше, биыл ішкі нарықты отандық өнімдермен толық қамтамасыз ету үшін ерте пісіп жетілетін көкөністерге басымдық берілген. Оның дерегінше, былтырмен салыстырғанда олардың егіс алаңы 2,8 мың гектарға өсіп, жалпы көлемі 27 мың гектарға дейін жеткен. Ал, соңғы 3 жылда бақша дақылдарының алқабы 10,5 мың гектарға ұлғайтылды. Нәтижесінде көкөністердің көлемі 650 мың тонаға артып, былтыр 5 млн тонаға жуық өнім жиналған. Бұл ретте, әсіресе, шетелдерден жеткізілетін әлеуметтік маңызы бар дақылдарды барынша отандық үлгіге алмастыру үшін кешенді шаралар қолға алынып келеді,- деді сала басшысы.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Ағымдағы жылы облыс әкімдіктерінің деректері бойынша көкөніс дақылдары 173,5 мың гектарға, картоп 197,6 мың гектарға егілді. Жалпы, көкөніс дақылдары мен картоптың жалпы өнімі ішкі нарықты қажет көлеммен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.