Мәскеуде «Алаш» партиясы көшбасшыларының бірі, қазақтың көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерінің өмірі мен қызметі туралы «Әлихан Бөкейханов. Аңыз адам» кітабының тұсауы кесілді. Бұған дейін сиясы әлі кеппеген басылым Астана, Алматы, Павлодар, Семей және Қарағандыда таныстырылды. Тың еңбек қазақтың біртуар тұлғасына қатысты ғылыми айналымға шықпаған мұрағат құжаттары мен естеліктерді қамтиды. Авторы - ресейлік ғалым Виктор Козодой. Ол Әлихан Бөкейхановты Қазақстанның ғана емес, Ресейдің де қоғамдық-саяси қайраткері деп санауға болатынын айтады. Өйткені, Мемлекеттік Думаға сайланып, Бүкілресейлік ұйымдардың жұмысына қатысқан. Кітап қазақ тілінде де жарыққа шығады.
Виктор Козодой, тарихшы:
- Ол кез-келген жанды өзіне баурап алып, жібермейтін бірегей тұлға. Сібірдің тарихын «Алаш» қозғалысынсыз зерттеу мүмкін емес. Бұл бір-бірін толықтыратын тарихи деректер көзі. Ал «Алаш» дегенде Әлихан Бөкейхановты айтпауға болмайды. Оның еңбегі өлшеусіз. Ол Қазақстан азаттық алып егеменді елге айналуы үшін күрескен ұлтжанды азамат. Бүгінгі тәуелсіздіктің жолын салып кеткен тұлға.
Басылымның тұсаукесеріне қатысқан Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Ермек Көшербаев Алаш қозғалысы қызметінің көптеген қырлары ашылмағанын еске салды. Ал, бұл еңбек осы олқылықты түгендеп Қазақстан Тәуелсіздігін болжаған тарихи оқиғаларды зерттеуге елеулі үлес қосатынын айтады. Ермек Көшербаев Виктор Козодойға 2-дәрежелі «Достық» орденін және Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатын табыс етті.