Тұрақты даму мақсаттарына жету бойынша әзірленген жаһандық рейтингте Қазақстан 6 сатыға жоғары көтерілді. «Ranking.kz» порталының хабарлауынша, еліміз Бразилия, Малайзия, Түркия, Сингапур, Өзбекстан сияқты елдерді басып озып 59-орынға жайғасты.
Айта кетейік, 2030 жылға дейінгі тұрақты даму күн тәртібін 6 жыл бұрын БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен болатын. 193 мемлекет адамдардың әл-ауқатын, экономиканы және қоршаған ортаны жақсарту бойынша 17 мақсатқа қол жеткізу міндеттемесін мойнына алды. Тұрақты даму мақсаттары әлемде кедейлікті жоюға, теңсіздік пен әділетсіздікпен күреске, сондай-ақ планетаны қорғап, бейбіт өмірді қамтамасыз етуге бағытталған. 2021 жылға арналған жаһандық тұрақты даму есебіне сәйкес, Қазақстан мұнда үш бағыт бойынша даму үрдісін көрсетті. Бес мақсат бойынша орташа жақсару байқалады. Ең бастысы ешбір көрсеткіште жағдайдың нашарлауы байқалмайды.
Авторы: Әсел Күшенғалиева