Қазақстандықтардың 76% елде референдум өткізуді қолдайды. Ел тұрғындарының жартысынан астамы дауыс беруге қатысуды жоспарлап отыр. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты жүргізген әлеуметтік сауалнаманың нәтижесі осындай. Сарапшылар конституциялық реформа қоғамды демократияландыру жолындағы нақты қадам деп есептейді. Референдумның мән-жайын халыққа жеткізу жұмыстары аймақтарда да жалғасып жатыр.
Бауыржан Серікбаев, «Қазақстандық Қоғамдық Даму Институты» Кеақ Сарапшысы:
– Аудандарды, облыс орталықтарын, қалаларды аралған кезде халық тарапынан сұрақтар бар. Қазақстанның болашағы қандай болады деген секілді. Референдум өзі қалай өтеді деген сияқты сұрақтар бар. Біз «Сарап» эксперттік клубымен региондарды аралап, сол жерде жергілікті эксперт, саясаттанушылармен, азаматтық қоғам белсенділерімен кездесіп, халықтың сұрақтарына жауап беріп жатырмыз.
Өз кезегінде Түркияның жетекші сарапшылары да Қазақстандағы конституциялық реформа бойынша референдумды қолдады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Ата заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жобасына жалпыхалықтық дауыс беруге арналған дөңгелек үстел барысында белгілі болды. Жиынға қатысушылар ел Президенті жүргізіп отырған саяси реформалардың қазақ қоғамы мен азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін маңызды екенін атап өтті.
Ирфан Картал, ТР Парламентінің Депутаты, Қазақстан-Түркия Парламентаралық достық тобы Төраға өкілі:
– Қазақстан барлық салада жаңарып, жаңғырып жатыр. Мұның бір дәлелі, 5 маусымда бүкіл ел бойынша Конституцияға түзетулер мен толықтырулар бойынша референдум өтеді. Қазақстан жас мемлекет болуынан қарамастан, мұндай өзгерістерден өтіп жатыр. Бұл – өзгерістер, қазіргі заман талабы.