1941 жылы елімізде 2 атқыштар бригадасы, 100-шісі Алматыда, 101-ші Ақтөбеде құрылды. Бұл бригадалар Алматы қаласында жасақталып, «Марс операциясы», Ржев қаласы түбіндегі «Великими лучами» және Невель шайқастарына қатысып, жауға тегеурінді қарсылық көрсетті. Олардың қатарында есімі елге белгілі тұлғалар аз емес еді. Қазақтың 100-ші жеке атқыштар бригадасының сапында Мәншүк Мәметова, Әзілхан Нұршайықов, Тахауи Ахтанов, Қасым Шәріпов сынды көзінде оты бар жалынды жастар болды. 20-ға енді толған қазақтың ұл-қыздары нағыз қайсарлық көрсетті.
Марат Әбсеметов, тарих ғылымдарының докторы:
- Алматыда құрылған бригаданың 86% қазақ болды. 100-ші атқыштар бригадасының бастығы – Баймолдин. Мәншүк Мәметова сол жерде қайтыс болды. Шайқаста 11 адам «Герой Советского Союза» деген атақ алды. Біз олардың ерлігін ұмытпауымыз керек.
«100-ші және 101-ші бригада бір уақытта, бір күнде, 1942 жылы 25 қарашада Ржев түбінде соғысқа араласты. Онда өте қатты ұрыс болды. Бір айдың ішінде жауынгерлердің 80% оққа ұшты...». Бұл – 100-ші бригаданың мүшесі Кәкен Әбеновтің естелігі. 1942 жылы «Марс» әскери операциясын жүзеге асыру барысында қазақтың екі бірдей бригадасы осылайша жойылды. Батырлардың аты да, ерлігі де ұмытылмайды, ұлықталады!