Қарахан, көне түрік қағанат дәуірі және қазақ хандығы кезеңдерінің мәдениеті мен тарихынан сыр шертетін сирек кездесетін қолжазбаларды енді Елорда тұрғындары тамашалай алады. Нұр-Сұлтанда «Ұлы дала тарихының жазба мұралары» атты бірегей көрме ашылды.
Шара ұйымдастырушысы «Қолжазбалар және сирек кітаптар» ұлттық орталығының директоры Жандос Болдыковтың айтуынша, көрмеге қойылған жәдігерлер 7 ғасырдан бастау алады. Осы ретте, әлем бойынша Ислам дінінің басты кітабының 7 көшірмесі бар болса, соның бір данасы осы көрмеге арнайы қойылғанын айта кеткен жөн.
Жандос Болдыков, қолжазбалар және сирек кітаптар Ұлттық орталығының директоры:
– Біздің орталыққа бүгінгі күні 5 жыл болды. 5 жылдың ішінде 1500-ға жуық кітаптар бар. Жалпы олардың саны 6000, сирек кездесетіндері – 1500. Енді біздің мақсат – алдағы 3 жылдың ішінде бүкіл Қазақстан бойынша сирек кітаптарды жинау қорға және 5 жылдың ішінде шетелден алып келу. Біз шетелге арнайы шығамыз, көп кітаптар бар Өзбекстанда, Турцияда, Ресейде, Еуропада, Англияда, Германияда. Біздің мақсат – соның барлығын бір орталыққа жинау. Нағыз рухани байлық сол болады.
Көрменің нәтижесінде отандық жас ғалымдар түпнұсқа дереккөздерімен жұмыс жасау мүмкіндігін алады. Айта кетейік, Елорда тұрғындары мен қонақтары экспозицияны 1 ай көлемінде тамашалай алады.