Қазақстанда «Қызметкердің жеке ісі» сервисі іске қосылды

«Қызметкердің жеке ісі». Еліміздің еңбек ресурстары порталында осындай атаумен жаңа сервис іске қосылды. Бұл жүйенің көмегімен жұмыс беруші  қызметкердің жұмысқа орналасу кезінде қажетті құжаттардың электрондық пакетін сұрай алады. Атап айтсақ: жеке куәліктегі ақпарат, білімі туралы,  психо-наркологиялық және туберкулез диспансерлерінде есепте бар-жоғы, тіпті вакцинация жайында мәліметтер қамтылған. Сондай-ақ, үміткердің басқа жұмыспен қамтылуын тексеруге болады. Әрине, оның бәрі тек иесінің рұқсатымен беріледі. Сұрау цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің дербес деректерге қолжетімділікті бақылау сервисі арқылы SMS жолдау немесе электрондық цифрлық қолдың көмегімен жүзеге асырылады.

Ерболат Исламов, ҚР ЕХӘҚМ «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Бас сарапшысы:

– Адамдар өздерінің жеке деректерінің қауіпсіздігі бойынша еш алаңдамаса болады. Мәліметтер еңбек шарттарын есепке алуға арналған бірыңғай жүйеде сақталады. Ол өз кезегінде мемлекеттік органдардың біріңғай деректер базасына енеді. Ол  ақпараттық қауіпсіздікке қатысты сынақтан өткен. Оны растайтын сертификаттар бар.   

Жақында елімізде құрылған осы текті енді бір жүйе -  «Қызметкердің жеке кабинеті». Онда ел азаматтары еңбек шарттарымен танысып, жұмыс орнынан анықтаманы жүктеп, дербес деректерді өңдеуге келісімге қол қоя алады.

 

 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов