Елордада «Номад коды» форумы мен «Global Nomads Fashion Awards» халықаралық байқауы ұйымдастырылды

Елордада «Номад коды» форумы мен «Global Nomads Fashion Awards» халықаралық байқауы ұйымдастырылды

Қазіргі уақытта бренд – бұл елдің бет бейнесі, абырой-беделі. Оны ел экономикасымен, саясатымен қатар қоюға болады. Бұл туралы елордада өткен «Номад коды» заманауи көшпенділер форумында шара ұйымдастырушысы Инна Апенко айтты. Кәсіпкердің айтуынша, бүгінде Қазақстанды түрлі отандық брендтер арқылы танитын уақыт жетті. Сол мақсатта ол ел астанасында  алғаш рет «Номад коды» форумын және дизайнерлерге арналған «Global Nomads Fashion Аwards» халықаралық байқауын ұйымдастырды.

Инна Апенко, кәсіпкер, шара ұйымдастырушысы:

– Мен бірінші кезекте кәсіпкермін. Кәсіпкер ретінде мен өз тауарыммен шетелге экпортқа шыққанда  оларға қай елден келгенім маңызды. Бұл процесс менің кәсібіме өз әсерін тигізеді. Сондықтан  бұл мәселені бүгін осы форумда креативті индустриядағы әріптестерімізбен, кәсіпкерлермен, өз кәсібіне қазақы нақышты қосып танылған дизайнерлермен және мемлекеттік қызметкерлермен  бірігіп, көтеріп отырмыз. Осы форумда көптеген сұрақтарға жауап, оның ішінде көшпенділердің ерекшелігі, бірегейлігін іздемекшіміз. Бренд ретінде өзгелерге өзімізді қалай таныстыра аламыз? Нені мақтанышпен көрсетеміз? Міне осы!

«Номад коды» форумы аясында жас дизайнерлерге танылуға, инвестор табуға мүмкіндік беретін  «Global Nomads Fashion Аwards» халықаралық байқауы өтеді. Байқауға 3 мыңнан аса өтінім келіп түскен.  300 тарта отандық және шетелдік дизайнер  іріктеліп, ақтық сынға 16-сы өткен. Бүгін олардың жұмысы жұртшылыққа таныстырылып, үздік 5 өнім марапатталады. Ұйымдастырушылар, жеңіске жеткен дизайнерлер болашақта еліміздің ұлттық кодына әсер ететін туризм, мәденит, тарих саласындағы белді компаниялармен бірлесіп жұмыс істейді, деп сендірді.