Қазақ тілі онлайн, тегін және барлығына арналған. Ұлы Дала елінің тілін үйренудің алғашқы қолжетімді платформаларының бірі Soyle.kz–те лингвистикалық қабілетіңізді арттырып қана қоймай, сөйлеу этикетін де үйренесіз.
Сондай-ақ аталмыш құрылғының көмегімен қазақ елінің салт-дәстүрі әрі мәдениетімен де жақынырақ танысуға болады. Бүгінгі таңда сайтқа жазылушылар саны 140 мыңнан асқан, ал мобильді қосымшаны 70 мыңнан астам қолданушы өз пайдасына асыруда. Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеевтің айтуынша, сайттың ағылшын-латын тіліндегі нұсқасын әзірлеудің арқасында қазақ тілінің танымалдығы шет елдерде де қарқынды өсіп келеді.
АЗАТ ШӘУЕЕВ, МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ҚОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
- Қазақстаннан кейін, әрине, Ресей Федерациясы, Украина, Америка, Еуропа, сондай-ақ Скандинавия елдері – Швеция, Норвегия, тіпті Африка құрлығынан да қосымшаны пайдаланушылар бар. Тіркеліңіздер, бар болғаны 2-3 минут уақытыңызды алады. Содан кейін әр сабаққа шамамен жарты сағат, 40 минут уақытыңыз кетеді. Ал егер күн сайын жарты сағаттан оқитын болсаңыз, үш айдан кейін міндетті түрде қазақ тілінде сөйлеп кетесіз. Бізде онлайн-жобалар өте көп. Мысалы, біз – Қазақстанда қазақ комикстерін алғаш жасағандардың біріміз.
Қазақ тілін үйренуге арналған қосымшадағы барлық материалдар – бастапқы деңгейден, ең жоғары деңгейге дейін. Бұл сабақтардың барлығы бірінші кезекте ауызекі тілде сөйлеуге бағытталған.
Сондай-ақ сайтта бейнероликтер, аудиофайлдар, фотокарточкалар, ойындар, әндер, грамматикалық тапсырмалар және анықтамалықтар орналастырылған. Мұның бәрі бағдарламны тез әрі оңай игеруге, яғни қазақ тілінде тезірек сөйлеуге мүмкіндік береді.