Алдағы үш жылдың ішінде Қазақстанда 200-ден астам елді мекен топан су басу қаупінен арылады. Ол үшін 2021-2023 жылдарға арналған су тасқыны қаупін төмендету жөніндегі жаңа Жол картасы әзірленуде. Бұл жөнінде арнайы брифинг барысында еліміздің Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді. Ведомство басшысы биылғы қауырт маусымда жағдай тұрақты екенін айтады. Құтқарушылар әдеттегідей ерте бастан қамданып, аса қауіпті деген аймақтар қатаң бақылауға алынды. Қауіпті сейілтіп, алдын алу үшін кешенді іс-шаралар қолға алынған.
Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағлайлар министрі:
- Әзірге адам күші мен жұмылдырылған арнайы техника жеткілікті. Алдын ала жасалған жұмыстардың нәтижесінде бүгінгі күні елді мекендерді су басу қауіптері барынша азайтылған. Бұл бірінші кезекте, қатерлі кезеңді адам шығынынсыз өткеруге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Екіншіден, мемлекеттік қордан қаржы бөлуді талап ететін ірі төтенше жағдайларға алып келмейді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов