«Конфессияаралық келісім – Қазақстан тәуелсіздігінің негізі». Елордада осындай тақырыппен халықаралық конференция өтті. «Онда бас қосқан сарапшылар: егемен еліміздің бүгінгі жетістіктері – елдегі тұрақтылықтың жемісі» деп ой қорытты. «Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен ұлыс, 20-ға жуық дін өкілі тату-тәтті өмір сүріп, республиканың дамуына теңдей үлес қосып келеді. Біздегі конфессияаралық және этносаралық келісім барша әлемге үлгі. Ел дамуының кепілі де сол», - дейді Н. Назарбаев орталығының басқарма төрағасы Болат Сәрсенбаев.
Болат Сәрсенбаев, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығының басқарма төрағасы:
- Тұрақтылық этносаралық, конфессияаралық келісімге алып келеді. Онсыз елді дамыту іс жүзінде мүмкін емес. Қандай да бір нақтылық болғаны жақсы. Қоғамдағы тұрақтылық жағдайында ғана біз алға қарай дами аламыз. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап ел басшылығы, үкіметі тарапынан бұл іске үлкен көңіл бөлініп келеді. Тәуелсіздік бізге жоғарыдан ғана берілген сый емес. Әрине, біз баталы елміз. Десек те мұның барлығы – халқымыздың осы жетістіктерге жету жолындағы еңбегінің, ел басшылығының арқасы.
Сондай-ақ спикер 18 жыл бойы дәстүрлі түрде Қазақстанда өткізіліп келетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі келесі жылы 14-15 қыркүйек күндері өтетінін еске салды.
Айта кетейік, съезд алғаш рет 2003 жылы еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен өткізілді.
Авторы: Ақзер Сегізбай