Қазақстан қысқы Олимпиада ойындарына 228 млн теңге жұмсайды. Алайда бөлінетін қаржы көлемі әлі де өзгеруі мүмкін. Бұл туралы арнайы брифинг барысында еліміздің Ұлттық Олимпиада комитетінің бас төрағасы Андрей Крюков мәлімдеді.
Айта кетейік, Қытайда өтетін жарыстарда ұлттық құрама сапында 34 спортшы ел намысын қорғайды. Жолдаманың денін шаңғышылар ұтып алған. Қазір отандық сайыпқырандар қатерлі індетті жұқтырып алмас үшін, карантинге жабылған арнайы жаттығу алаңдарында дайындықтарын пысықтау үстінде.
Андрей Крюков, Ұлттық Олимпиада комитетінің бас төрағасы:
- Қазіргі уақытта барлық спортшы карантиндік аймақтарда дайындықтың соңғы кезеңінен өтуде. Олардың екеуі Қазақстанда және үшеуі шетелде орналасқан. «Алау» мұз айдыны сарайының қабырғасында шорт-трек және коньки тебу спорты бойынша командалар жайғасқан. Алматыда фристайл могул, шаңғы қоссайысы, тау шаңғысы спорты, трамплиннен шаңғымен секіру түрлері бойынша жаттығу жиындары қыза түсті. Бір Шымбұлақ базасы могулшыларға арналды.
Бейжіңде қысқы Олимпиада ойындарына дайындық жұмыстары жалғасуда. Аспанасты елі астанасында төрткүл дүние тартыстарының ашылуына әзірлік пысықталды. Оған 4 мыңға жуық адам қатысты. Алдағы салтанатты шараға көз тігетін көрерменді 1,5 сағаттық қызыққа толы бағдарлама күтеді. Әсерлі шоу әйгілі қытайлық режиссер Чжан Имоудың жетекшілік етуімен қойылған. Ол 2008 жылы Олимпиада қонақтарын өзінің талантымен таңғалдырған еді.
Ван Цзюнь, Бейжіңдегі 2022 жылғы Олимпиаданың ашылу және жабылу салтанаттарын ұйымдастыру департаментінің басшысы:
- Салтанатты шараларға арнайы кәсіби труппалар мен басқа да актерлерді тартқан жоқпыз. Бұрын-соңды Олимпиада ойындарында мұндай құрам ешқашан болған емес. Осы ашылу салтанатына дайындық әр қатысушының есінде өмір бойы сақталады деп ойлаймын.
Ашылу салтанаты 4 ақпанға жоспарланған. Оған дейін екі күн бұрын көрермен Олимпиада алауының эстафетасын тамашалауға мүмкіндік алады. Ол шараға 1 200 адам жұмылдырылған. Ұйымдастырушылар өзін-өзі басқаратын машиналарды, тіпті Юндин өзенінің жанындағы Бейжің қысқы Олимпиадалық паркіндегі су астындағы Олимпиада алауын өткізетін амфибиялық роботтарды да қолданады.