Инвестициялық жобалар пулы шеңберінде жүзеге асатын 286 өндіріс 9,9 триллион теңге сомасына импортты алмастырады. Бұл жөнінде Премьер-Министр Әлихан Смайылов елордада ашылған қазақстандық өндірушілердің VI Ulttyq Ónim көрмесінде айтты. Үкімет басшысының дерегінше, биыл жалпы құны 1,7 триллион теңге болатын 165 жобаны іске асыру жоспарланған. Осындай әр бастама айналасында шағын және орта бизнес компанияларының белдеуі дамитын болады. Айта кетейік, соңғы 5 жылда елдің жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 27 ден 35%-ке ұлғайды. Өндірілген өнім көлемі екі есеге артып, 30 триллион теңгеге жетті.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
– Шағын және микрокәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізуге Мемлекет басшысы жариялаған мораторий елімізде бизнеске оң әсерін берді. Сонымен бірге экономиканың тұрақтылығын, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және кәсіпкерлікті дамытуға әсер ететін факторлардың бірі импортты алмастыру болып табылады. Өндірістің қайта өңдеу саласындағы импорт өткен жылы 38 миллиард долларды құрады. Бұл біздің отандық өндірушілерге өз ісін дамытуға және жаңа тауарлардың өндірісіне инвестициялар бағыттау үшін үлкен мүмкіндік береді.
Биыл Ulttyq Ónim көрмесі отандық микро, шағын және орта бизнестің 350-ден астам өкілінің басын қосты. Барлығы мемлекеттік қолдау шарапатын көрген кәсіпкерлер. Дәстүрлі шара жергілікті тауар өндірушілерге төл өнімдерін кеңге таныстырып, жаңа серіктестер табуға жол ашады. Үш күндік шара барысында Франчайзингтік компаниялардың форумы, іскерлік келіссөздер мен түрлі шеберлік сыныптар өтеді. Онда белгілі кәсіпкерлер тәжірибелерімен бөліседі.
Автор: Жеңіс Ермұқанов