Биылғы жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша 9 077 этникалық қазақ ата жұртқа оралып, қандас мәртебесін алды. Ал тәуелсіздік жылдары республикаға 1 млн 100 мыңға жуық адам Атамекенге аяқ басқан. Олардың орналасуы, бейімделуі мақсатында мемлекет тарапынан қолдау шаралары қарастырылған. Оның ішінде жайлы қоныс аудару, тұрғын үй жалдау, жұмысқа орналасу және басқа да жеңілдіктер қарастырылған. Еліміздің еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі өкілінің айтуынша, ең басты қолдау шараларының бірі ол – қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы.
Дастан Айтқұлов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көші-қон процестерін монинторингілеу басқармасының басшысы:
– Қандастарымызға ең басты көрсетілетін көмек егер де олар солтүстік өңірлерге көшкен жағдайда «Үкіметпен айқындалған, анықталған өңірлер» деп аталады. Ол Солтүстік өңірлеріміз – Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облысы, Павлодар облысы, Абай, Шығыс Қазақстан облыстары. Осы облыстарға көшкен жағдайда біздің қандастарымызға 1 реттік 70 айлық есеп көрсеткіште сумма беріледі. Ол бүгінгі күні 214 мың теңгеге тең. Және барған аймағында тұру үшін 12 ай бойы тұрғын үйге және коммунальдық қызметке төлеуге ақша беріліп отырады.
Сондай-ақ, этникалық қазақтарға ел аумағына кіру кезінде көлікті қоса алғанда жеке пайдалануға арналған мүлікке кедендік төлемдерді төлеуден босату, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беретін оқу ұйымдарына оқуға түсуге квота шеңберінде білім алу, Қазақстан азаматтарымен тең жағдайда жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтамасыз ету сынды демеу көрсетіледі.