Францияда қазақ киносының v фестивалі өтеді

Парижде қазақ киносының 5 фестиваліне дайындық қызу жүріп жатыр. Ол Франция астанасында 29 қараша мен 2 желтоқсан аралығында өтпек. Биыл аталған шара «Қыз Жібек» фильмінің көрсетілімімен басталады. Көркем фильм аты аңызға айналған қазақ режиссері – Сұлтан-Ахмет Қожықовтың 100 жылдық мерейтойына орай көрсетіледі. Көрермендер фильмнің бас кейіпкері әрі Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешевамен кездесе алады. Ол арнайы фестивальге қатысу үшін бармақ. Одан бөлек, француз көрерменіне танымал қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өмірі туралы картина ұсынылады. Сонымен қатар, фестивальде тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы «Бақыт», «Тау жуасы» картиналары және «Есуас Кәрім» қысқа метражды фильмі көрсетіліп, шымылдығы «Дос-Мұқасан» лентасымен жабылады.

Андре Иванов, Фестиваль директоры, Франциядағы қазақстандық кино қауымдастығының президенті:
-
Осы жылғы фестивалда Қазақстанның авторлық киносы мен классикалық кинотуындыларына басымдық беруді ұйғардық. Авторлық жұмыстардың ішінде Асқар Ұзабаевтің кеңге танылған «Бақыт» фильмін ерекше атап өткім келеді. Себебі онда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі көтеріледі.  Бұл тақырып бүгінде аса өзекті.

Қазақстан мен Франция бірлесе кино түсіруі де мүмкін. Бұл туралы арнайы бизнес-алаңда келіссөздер жүргізу жоспарланған. Фестиваль аясында өтетін бұл кездесуде, сонымен қатар, қазақстандық дизайнерлердің дәстүрлі көрсетілімі де болады деп күтілуде.

Андре Иванов, Фестиваль директоры, Франциядағы қазақстандық  кино қауымдастығының президенті:
-
Биылғы бағдарламаны сәл өзгеше құруды жөн деп таптық. Енді фестиваль төрт күн қатарынан өтеді. Күндіз Қазақстан мен Франция кино өндірісінің майталмандары іскерлік кездесулер және түрлі салалық жиындарда бас қосып тәжірибе алмасады. Кешкісін кино көрсетілімдері болады.

Қазақстандық кино бұған дейін еуропалық көрерменнің жүрегін жаулап үлгерген. Отандық режиссерлердің туындыларын тек Парижде ғана емес, Кәрі Құрлықтың өзге елдерінде де тағатсыздана күтіп отыр. Мәселен, Франциядан бөлек, Бельгия, Люксембург, Нидерланды, Аустрия, Германия, Польша, Ұлыбританиямен қатар Африка елдерінде де қазақ киносы көрерменге жол тартады.