ТМД әскерилері бірлескен байланыс жүйесін құрады. Мәжіліс отырысында депутаттар тиісті келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады. Аталмыш салаға жауапты ведомство басшысының орынбасары Тимур Дәндібаевтің айтуынша, бұл әскери қызметшілерге қарулы күштерді басқару жүйесінде ақпараттың барлық түрімен алмасуға көмектеседі. Ал қолда бар ресурстарды құжатқа қол қойған барлық мемлекет теңдей пайдаланатын болады. Вице-министр атап өткендей, мұндай шара ТМД елдері әскерлерінің жауынгерлік қабілетін арттырады. «Сондай-ақ жаңа келісімді қабылдау республикалық бюджеттен қосымша шығындарды талап етпейді», – деп мәлім етті Тимур Дәндібаев.
Тимур Дәндібаев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:
- Бұл келісімнің мәні – байланыс жүйелерінің өзара алмасуын, сәйкесінше үйлесімділігін қамтамасыз ету. Ресей тарапы бізді ТМД шеңберінде байланыспен қамтамасыз ету мақсатында байланыс құралдарымен техникалық қамту міндетін өзіне алып отыр. Бірақ бұл қазіргі байланыс жүйемізге және әскерлерді басқаруға әсер етуі мүмкін дегенді білдірмейді. Бізде жабық және ашық сегментте өзіндік байланыс жүйеміз бар.
Авторы: Ақзер Сегізбай