ҰБТ: Биыл бес түлек ең жоғары балл жинады

Бұл былтырғы көрсеткіштен 2 есе көп. Сәйкесінше, орташа балл да 66 дан 73-ке өсті. Түлектердің 5-уі ең жоғары, 3 мыңға жуығы 120-дан жоғары балл алған. Білімін ағылшын тілінде сынап көргендер де болды. Басым бөлігі   яғни  75% қазақ және өзгесі орыс тілінде тест тапсырған. Бүгін арнайы брифинг аясында 2023-ші жылғы білім сынағының қорытындысы жарияланды. Сынақтан сүрінбегендің ендігі мақсаты таңдаған мамандығы бойынша қажетті білім беретін оқу орнын таңдау. Грантқа өтініш қабылдау осы аптадан басталады.  

Қуаныш Ерғалиев, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:

- Жалпы 13-20 шілде арасында өтетін болады.  Алыс аймақта тұратын талапкерлерге ыңғайы жағдай үшін біз биыл  еGov электронды үкімет порталы арқылы онлайн өтініш қабылдайтын боламыз. Бірақ, сонымен қатар құжаттарын дәстүрлі форматта, яғни – офлайн форматта тапсырамын дейтіндер болса олар университетке келіп қабылдау комиссиялары негізінде тапсыра алады. Сондай-ақ, виртуалды комиссияларда жұмыс істейтін болады. Яғни, бұл университеттер ZOOM арқылы форматта қабылдай алады.

Бұл орайда биыл бакалавриатқа 73 мың грант бөлінгенін айта кеткен жөн. Оның 60% техникалық мамандықтарға бағытталған. Сонымен қатар,  халық тығыз қоныстанған батыс және жаңадан құрылған өңірлердің жастары үшін мемлекет есебінен тегін білім алу мүмкіндіктері қарастырылып отыр. Бұған қоса  алғаш рет ауыл шаруашылығы және инженерлік бағыттарда арнайы квота бөлінді.