Арман қала көпшілік өмірін байланыстырғысы келген, барша жұрт үміт артқан тартымдылық күшке ие болды.
Осы бастаманы көтерген Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев жаңа астананың құрылысы әу баста утопия секілді көрінгенін еске алады. Себебі бұл ой алғаш рет жария етілген тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елдегі жағдай өте күрделі болатын. 1994 жылы Парламентте астананы көшіру жайлы жария ету көпшілікті есеңгіретіп тастады. Бірақ әр көшбасшының алар асуы биік, арманы асқақ болуы керек-ақ. Осы арман үшін бүкіл беделіңді сарп етуге тура келсе де – жан пида. Негізгі мақсатқа жету үшін барыңды салу керек. Тұңғыш Президенттің ойынша, жаңа астана ел ордасы болып қана қоймай, Еуразиядағы орасан экономикалық белсенділікті қамтамасыз етуі тиіс еді. Тұңғыш Президенттің уәжі: Алматы қазіргі заман мемлекетінің талаптарына не саяси, не экономикалық тұрғыдан сай келмейді. Тұрғындарының саны 1,5 миллионға жетіп қалған мегаполис аумақтық үйлесімділік тұрғысынан да тиімсіздеу. Астана кеңею керек еді. Алайда үлкен қаладағы бос кеңістіктер жоқтың қасы. Солтүстік аймақтар әлдеқайда тиімді көрінді. Себебі тұрғындарының саны көп емес, миграциялық ағымды осылай қарай бұруға болушы еді. Ірі өндіріс орындарына жақын орналасуы да болашақ астананың артықшылығы саналатын. Нұрсұлтан Назарбаев өз әкімшілігіне еліміздің бүкіл аумағын зерттеп, болашақ астананы анықтауды бұйырады. Бұл мәртебеге үміткер ретінде бірнеше қала қарастырылған болатын. Ақмола бәрінен де оңтайлы болып шықты. Тоғыз жолдың торабында орналасқан географиялық орталық, маңызды шаруашылық аймақтарының жақын орналасуы. Ол кезде қалада, шамамен, 200 мыңдай адам тұратын. Яғни жаңа орталыққа айналудың барлық алғышарты бар еді.