Майданға аттанып, оралмағандар. Мыңдаған қазақстандық сарбаз шайқас даласында ажал құшты. Еліміздің әскери комиссариаттары шақыртқан сарбаздардың 270 мыңының тағдыры белгісіз. Ондаған жыл өтсе де, бір кездері әскери бөлімшелер мен құрамалар жүрген жолда іздестіру жұмыстары жалғасуда. Сұрапыл заманға сәуле түсірер белгі болса, табуға асық.
Бұл соғыс 1400 күнге жалғасқан. Миллиондаған адам жеңіс таңын жақындатуға атсалысты. Сол себепті мерекелік күнтізбемізде осы күннің де алар орны ерекше.
Астаналық әуежай. Волонтёрлер маңызды мейманды күтіп алмақшы. Елімізге ешқашан аяқ баспаса да, оны Қазақстанмен көп дүние байланыстырып тұр. Бір кездері атасы өзінің жауынгер досының үйіне қонаққа келмекші еді.
Анатолийді энтузиастар күтіп алды. Аман-саулығын сұрасып жатыр. Өздері де алаңдаулы. Себебі бұл оқиға ешкімді бей-жай қалдыра қоймасы анық. Осыдан аз уақыт бұрын, шайқас өткен жерлерде іздестіру жұмыстарын жүргізетін отряд сарбаздары, кезекті экспедицияларының барысында бір фотосуретті табады. Ол жақсы сақталған. Онда екі қызыл сарбаз – бірі Анатолийдің атасы, ненец Иван Яптик пен екіншісі қазақ Мұхтар Қайшатаев бейнеленген. Шайқас арасындағы үзілісте Мұхтарға үйден жеткен хатты оқып отыр екен. Бұл суреттегі энергетиканың қуаты соншалық, екеуі де мәз-мейрам секілді. Іздеушілер суреттегі екеуін таппақшы болады. Өкінішке қарай, бұл мүмкін емес еді. Екеуі де майданнан оралмады. Екі дос Жеңіс күнін көре алмай, Польшада оққа ұшты. Сөйтіп, іздеушілер осы естелік қымбат жандарды табуға бел шешеді. Хат алмасу, телефон байланысы, әлеуметтік желілердегі хат-хабар. Қазақстандағы «Атамның аманаты» тобы ынта білдірді. Волонтёрлер іздеу жұмыстарын жеңілдету үшін бірікті. Оларға күн сайын, еліміздің түкпір-түкпірінен, жақын адамын іздеген жандардың хаттары келіп түседі. Үйіңізге қара қағаз келіп, әкеңіздің, атаңызды майданда ерлікпен қаза тапқаны айтылса, бір басқа. Олардың есімі мәңгі есте қалады. Ал із-түзсіз жоғалып кеткендердің тағдыры тіпті ауыр. Олардың ұрпағы бейсаналы түрде бәрібір олар жайлы бір хабар күтетіні анық.
Анатолийге көмектесе бастады. Қазақстанға шақыртып алды. Бір кездері оның атасы досына қонаққа келуге уәде етіп еді. 77 жылдан кейін әуежайда оның немересін күтіп алып отыр. Ұйқыда мүлгіп жатқан қаламен аз ғана экскурсия жасаған соң, Анатолий Семейге жол жүріп кетті. Мұнда оны күтіп отыр. Ұшақтан түскен Анатолийді Мұхтар Қайшатаевтың немересі Мұхтар күтіп алды.
Анатолийге зор құрмет көрсетті. Оны асыға күтіп, қонақжай халқымыздың мәрт болмысын танытқысы келді. Ондаған жыл өткен соң, ұрпақтары аталарының фотосуретіндегі бейнені қалпына келтірмекші болды. Айнымас ұқсастық.
Ямалға Анатолий үлкен әсер алып қайтты. Мұхтарды да қонаққа шақырды.
Осы кездесу жайлы көпшілік Әсел Мұшанованың арқасында білді. Ол өзі түсіріп, өзі монтаждап, дайын роликтерді әлеуметтік желілерге салды. Әсел – «Атамның аманаты» бірлестігінің волонтёрі. Жақындарын іздеген жандарға көмектеседі. Майдандас достардың немерелері жайлы постын мыңдаған адам көріпті. Бейнені қарап, комментарий жазады. Кейде көмектерін ұсынады. Волонтёрлар көмектен ешқашан бас тартпайды. Мұндай оқиғалар жайлы естігендер неғұрлым көп болса, кейіпкерлерін іздеп табу мүмкіндігі де арта түседі.
Үш жылға жуық уақыт аралығында волонтёрлар із-түзсіз жоғалған жандарды іздеуге 4 мыңнан астам өтініш жиналыпты. Соғыста шейіт болған 800 сарбаздың тағдыры анықталды. Кейбірінің жерленген жері белгілі, кейбірі жайлы мәліметтер архивтен табылды. Ал кейбірі жайы әлі де мағлұмат жоқ.
Кезекті ролик – мына медальон иесінің туыстарын іздеуге арналған. Ол Ржев түбінен табылыпты. Бұл – Ақмоладан әскерге шақырылған Зейнолла Мақаевтың медальоны. Ортақ іс бәрін біріктірді.
Амангелді Әшіров әрқайсының амандығын біліп жүреді. Ардагерлер кеңесінің басшысы өз ауданында тұратын соғыс ардагерлерін жақсы таниды. Олар көп еді, қазір тек жетеуі аман қалыпты. Ол әрқайсына көңіл бөлуге тырысады.
Калинин өзі қарсы алды. Бойшаң, сымбатты қария әлі де сыр бермей келеді. Миномет ротасының командирі Жеңіс күнін Прагада қарсы алған екен. Майданға 19-ында аттанып, 22 жасында оралды. Қазір 96-да. Денсаулығында кінәрат жоқ. Тек, бір көзі көрмей қалыпты. Жарақаттың салдары.
Әскерге 42-ші жылы Қарағандыдан шақырылған екен. Оны әскери училищеге жібереді. 43-ші жылы оны бітірген соң, офицерлер полкіне барады. Ол Полтавада орналасқан еді. Полтавадан полкке дейін 300 шақырымдай жаяу жүріпті. Жадында осы жатталып қалыпты. Калинин қызмет атқарған полктың марапаты көп еді. Соның бірін – Польшадағы Висладан өткені үшін алыпты. Сарбаздар Берлинге таяп қалып еді, бірақ оларды дереу Прагаға қарай жөнелтіпті.
Соғыстан кейін темір жол мен қалаларды салды. Михаил Васильевич шахтада да жұмыс атқарған. «Ешнәрседен тайынбаушы едік», - дейді. Атқарған ісіне адал болыпты.
Ұлы Отан соғысы әрбір қазақстандық отбасында өшпес із қалдырды. Майданға бір миллион екі жүз мыңдай сарбаз аттанды. Соның жартысынан астамы ажал құшты. Еліміздің қырықыншы жылдардағы тұрмысы жайлы әскери-тарихи музейдің көшпелі көрмесінен білуге болады. Бұл экспонаттар еліміздің әр өңірінде көрсетілді. Оларды Ресейге де апарған. Енді өзге елдердің тұрғындарына да көрсетпекші.
Ұлы Отан соғысының қаһарманы Бауыржан Момышұлының жеке күнделігі – сарғайып кеткен ондаған беттен құралған. Ұлт батыры Волоколамск шоссесіндегі айқасты суреттеген. Соғыс кестесін де иллюстрация есебінде өз қолымен салған. Оларды қызыл, жасыл және қара бояумен бояған. Қызыл түс – қорғаныс шебі, жасыл түс – орман мен батпақ, ал, қара квадраттар – елді мекендер. Немістерді кіреспен белгілеп, қою-көк түске бояпты. Батальон командирінің жария етілген күнделіктерінің арқасында біз Мәскеу түбіндегі соғысты толық елестете аламыз.
Төлеуғали Әбдібеков – 400 фашистің көзін құртқан, аңызға айналған мерген. Мәдина Ысқақова – соғыстың үш мәрте қаһарманы Иван Кожедубамен бірге ұшқан бортмеханик. Рақымжан Қошқарбаев – Рейхтагқа Жеңіс туын тіккен. Ұзақ уақыт бойы, жоғары награда алған қазақстандықтар саны, шамамен, 500 деп есептелді. Енді, жария етілген архивтердің арқасында олар едәуір көп екені белгілі болып отыр.
Тылда қалған халық та жеңіс күнін жақындатуға күш салды. Одақтың еуропалық бөлігі жау қолында қалғандықтан, Қазақстан – соғысқа қажетті мыс, қорғасын, висмут, молибден және полиметалл өндірісін ұлғайтты. Қоғаныс зауыттары жаңа қару-жарақ пен оқ-дәрі шығаруды қолға алды.
Қарағандылық кеншілер өндіріс орындары мен көлікті көмірмен қамтамасыз етті. Сұйық отын мен электроэнергия өндірісін жолға қойды. 500 кәсіпорын іске қосылды, оның 142-сі эвакуацияланған кәсіпорындар негізінде салынды. Майданға тек қару-жарақ емес, азық-түлік те жеткізіліп отырды. Соғыс жылдарында Қазақстаннан 6 мың тонна астық пен 700 мың тонна ет майданға жөнелтілді. Нұртаза Әсілов заманауи соғыс тарихын көптен зерттеп келеді. Ал, Ұлы отан соғысын зерттеуге қызығушылығы ерекше.
Музей қызметкерлері көп уақытын архивтерде өткізіп, құнды мәліметтерді тірнектеп жинап жатыр. Із-түзсіз жоғалғандарды іздеу – бұл да осы жұмыстың бір тармағы. Мыңдаған отбасы ерлері жайлы хабар ала алмай отыр. Бірі майдан даласында оққа ұшса, кейбірі тұтқынға түскен. Ұзақ жылдар бойы олардың тағдыры құпия болып қала берді.
Жеңіс шеруі, естелік аллеялар, жеңімпаздардың портреттерін көтеріп жүретін жаяу марштар. Олардың ұрпағы сұрапыл соғыстың зардабын ұмытпақ емес. Ардагерлерге бейне құттықтаулар жолданады. Астаналық Мектеп оқушылары сарайының тәрбиеленушілері онлайн-концерт өткізбекші. Себебі ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды.