Елімізде ғылымды қаржыландыру артады

Қазақстанда жер қойнауын пайдаланушылар есебінен ғылымды қаржыландыруды жыл сайын 25% ұлғайту көзделіп отыр. Ережеге сай, жер қойнауын пайдаланушылар өндіруге жұмсалған шығынның 1% зерттеу жұмыстарына бағыттауы тиіс.

Осы күнге дейін олар қаржыландыратын ғылыми институттарды өздері таңдап келген еді. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, алдағы екі жылда бұл тетік орталықтандырылып, арнайы бюджеттік бағдарлама жасалады. Қаражатты мемлекет үлестіреді. Қаржыландырылатын жобалардың барлығы мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптамадан өтетін болады. Ведомстводағылардың атап көрсетуінше, бұл шаралар қаржы бөлуді ашық етеді. Сондай-ақ түсетін қаражатқа 15 ғылыми зертхана мен жоғары оқу орындары базасында 10 ғылыми-зерттеу орталығын құру жоспарланған.