Елордада әскери оркестрлер фестивалі өтіп жатыр

Елордада әскери оркестрлер фестивалі өтіп жатыр

Елордада дәстүрлі «Әскери керней» фестивалі басталды. Үш күн бойы елдегі таңдаулы 9 әскери бөлімнің музыканттары қаланың бас алаңдары мен бульварларында шеру жасайды. Олардың қатарында Ұлттық ұлан академиясының оркестрлері мен «Оңтүстік», «Орталық», «Батыс» және «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтарының құрама әскери оркестрлері бар. Сонымен қатар іс-шараның финалдық бөлігінде Президенттік оркестр және Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің құрама оркестрі мен республика Қорғаныс министрлігінің Орталық оркестрінің дефилесі болады. 9-шы рет ұйымдастырылып отырған фестиваль Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналады. Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, мәдени оқиға көрерменге классикадан рокқа дейінгі түрлі стиль мен жанрдағы композицияларды паш етеді.

Асхат Мұхамедияров, Ұлттық ұлан әскери-оркестрлік орталығының бастығы: 

– Әскери музыка фестивалінің басты мақсаты – өскелең ұрпақты патриоттық рухқа, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Біздің оркестрлердің репертуары сан алуан. Айта кетерлігі, барлық оркестр ашық аспан астында өнер көрсетеді. Сондай-ақ репертуарда классикалық, халықтық және эстрадалық танымал музыкалар бар.

 

Авторы: Гүлбану Тәжібек