2023 жылы Қазақстанда баланың әл-ауқатының индексі бар интерактивті карта енгізіледі. Жиналған деректердің көмегімен мамандар білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, әлеуметтік қорғау, инфрақұрылым, қоршаған ортаны қорғау салаларында балалардың жағдайын жақсарту бойынша ұлттық саясаттың тиімділігін бақылай алады. Картаны жасауда түрлі ведомстволардың статистикалық мәліметтері, әлеуметтік зерттеулер мен анонимді сауалнамалар мен сұхбаттардың нәтижелері негізге алынады.
Еске салайық, балалардың әл-ауқатының индексі Премьер-Министрдің қаулысымен бекітілген. Қазір ақпарат жинау бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр.
Дулат Жекебаев, ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:
- Балалар әл-ауқатының ұлттық мониторингі дегеніміз – Қазақстан Республикасының барлық территориясындағы 3 млн-нан астам баланың әл-ауқатын, жағдайын білу үшін жасалып жатқан мониторинг. Яғни интерактивті карта – бұл ашық ақпарат. Онда балалардың жағдайын қай өңірлерде қандай екенін, қандай жағдайда тұрғаның кез келген азамат көре алатын болады.