Қазақстанда 34 мың орынға шақталған 322 балабақша қолданысқа беріледі

Қазақстанда жыл соңына дейін 34 мың орынға шақталған 322 балабақша қолданысқа беріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. Оның дерегінше, биылдың алғашқы алты айында  13 мыңға тарта балғынға арналған 140 балабақша ашылды. Осының  арқасында 3-пен 6 жас арасындағы балаларды қамту 99% жеткен. Сондай-ақ, балабақшалардың бағдарламаларын жаңғыртуға ден қойылған.  

Асхат Аймағамбетов, ҚР Оқу-ағарту министрі:

– Балабақшада өзіне сенімді, қиындықтарға төзімді, дендері сау, ашық және креативті ойлайтын балаларды тәрбиелеу және отансүйгіштік, еңбекқорлық, білімге құштарлық сияқты құндылықтарды шығармашылық пен қозғалыс белсенділігін ойын арқылы дамытамыз. Балабақшалардың тәрбиешілерінің біліктілігін арттыру, балабақшаларға деген талаптарды күшейту бойынша да жұмыс ұйымдастырылуда.

Министр «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленіп жатқанын тілге тиек етті. Оның аясында 2025 жылға дейін жаңа құрылыс стандарттары бойынша 840 мың орын беретін мектеп салу көзделген. Асхат Аймағамбетов мемлекеттік колледждер кәсіпорындармен тығыз қатынаста болатынын айтты.  Еңбек нарығының сұранысына сай кадр даярлау үшін 500-ге жуық кәсіпорын білім ошақтарымен байланыс орнатқан. Жалпы кәсіптік-техникалық біліммен қамту үшін бюджеттен қосымша 45 мың орын бөлініп, биыл ол рекордтық 128 мың орынға жетіп отыр.

 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов