Жамбыл облысында астық жинау науқаны басталды. Ауа райы биыл қолайлы болып, егін бітік шыққан. Қордай ауданында 70 мың гектарға жуық масақты дәнді дақылдар егілген. Оның басым бөлігі - арпа. Бүгінде шаруалар гектарынан 35 центнерге дейін өнім жинап алып жатыр.
Дүйсенхан Онгелдиев, шаруа:
– 4 мың гектарға жуық жер бар. Оның мың гектары - күздік бидай. 500-600 гектары - арпа. «Айдын» суперэлиталы тұқымы. Осыдан 4 жыл бұрын бұл тұқымдарды сепкенмін, бірақ мерзімі өтіп кетті, сондықтан тұқым көбеюі үшін оны жаңартып жатырмыз.
Сейткәрім Қалтаев, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институты білім тарату және ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізу орталығының жеткшісі:
– Басқа сорттардан ерекшелігі – күздік болуында. Яғни күзде егіледі. Бір түйіннен 5-7 сабақ алуға болады. Біз жыл сайын өз алқабымызда орта есеппен 75 центнерге дейін өнім аламыз. Менің ойымша, бұл жақсы көрсеткіш. Сондай-ақ егін жинағанда олар жатып емес, ыңғайлы түрде біркелкі болып тұрады.
Егіншілікте суармалы су мәселесі аса маңызды. Қазір шаруалар тамшылатып суару технологиясын пайдалануға жаппай көшіп жатыр. Бұл әдіс суды үш есе үнемдеуге мүмкіндік береді.
Мәден Мұсаев, Қордай ауданының әкімі:
– Шаруалар үшін өте жақсы жыл болды. Соңғы екі жыл құрғақ ауа райы болған еді. Биылғы жылы шөп, бидай, арпа жақсы егілді. Егіс кезінде зерттеушілер барлығын қадағалайды, астық жинау кезінде бұл тұқымдар осы Қордай жерінде қалай тамыр жайғанын көріп, бақылайды.
Жалпы, облыс бойынша үш жүз алпыс мың гектардан астам алқапқа арпа мен бидай егілген. Соңғысын жинау жұмыстары осы аптада басталады.