Қазақстанның бас шаһарында танымал италиялық сәулетші Марио Кучинелланың көрмесі ашылды. Онда шетелдік дизайнердің авторлық жұмыстарының үздік үлгілері ұсынылған. Бірегей еңбектерде негізінен жаһандық деңгейдегі экологиялық тұрақтылық мәселелеріне баса назар аударылғаны байқалады. Сәулетшінің пікірінше, заманауи мегаполис құрылысында әсіресе шаһардың әлеуметтік және әкімшілік нысандары мен зәулім ғимараттарының іргесін қалау кезінде экологиялық мәселелер қатаң ескерілуі тиіс. Маман бұл ретте, елордадағы «Нұр Әлем» сферасын аса сәтті мысал ретінде келтірді. Ерекше нысанда баламалы қуат көздеріне негізделген түрлі технологиялық шешімдер мен жобалар дүниеге келген. Айта кетейік, танымдық шара Италияның Қазақстандағы елшілігі «QazExpoCongress» ҰК қолдауымен ұйымдастырды. Көрме 10 маусымға дейін жалғасады.
Марио Кучинелла, сәулетші/Италия
- Мен уақытша болсын дәл осы елде жеке көрмемнің орын тепкеніне өте қуаныштымын. Себебі Қазақстан өз астанасын орнықты даму қағидаттарын сақтай отырып көтеріп жатқан әлемнің бірегей мемлекеттерінің бірі. Бұл жас ұрпақ, яғни бұл саланы таңдаған жас сәулетшілерге шекара аспай-ақ, заманауи ғимараттар мен қалаларды жобалаудың үздік тәсілдерімен танысуға үлкен мүмкіндік береді. Менің ойымша, тұрақтылық болашақты құру жолында шешуші рөл атқарады. Осыны ескеріп біз қоршаған ортамен үйлесімді ғимараттар, қалалар көтере аламыз. Бұл бүкіл адамзат үшін алдағы 100 жылдық маңызы бар міндет.