Жер-жаһанға төнген түрлі қауіп-қатерлердің жолын кесу үшін күш біріктіру қажет. Бұл туралы «Астана клубының» алтыншы отырысында Нұрсұлтан Назарбаев айтты. Елбасы ашық пікірталастар өтетін зияткерлік алаңда бірқатар нақты ұсыныс тастады. Оның ішінде Ауғанстандағы ахуалға қатыстылары да бар. Қазақстанның Тұңғыш Президенті атап өткендей, Алматыда БҰҰ-ның Ислам мемлекетін оңалту жөніндегі халықаралық орталығын құру идеясы өзекті болып отыр. Сонымен қатар коронавирустың таралу қаупі, әлемдік державалар арасындағы текеріс пен ядролық қарусыздану туралы сөз козғалды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Бұл алаңда Үлкен Еуразияның кең кеңістігін біріктіру үшін өзара түсіністіктің жаңа нүктелерін белгілеуге тырысамыз. Халықаралық аренада өзінің орны бар біздің клубтың негізгі миссиясы да дәл осы.
Еуразия мемлекеттеріне жүйелі диалог керек. Ал жүйелі диалогқа бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан, оның ішінде Үшінші елдермен қызмет ететін халықаралық бірлестіктер бастамашы бола алады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Еуразиялық экономикалық одақ, Еуропалық Одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Түркі мемлекеттері ұйымы арасындағы тікелей байланыстарды дамытатын кез келді. Осыған байланысты біздің елдеріміз Еуразиядағы кооперацияның барлық мүмкіндігін талқылап, ілгерілете алатын «Үлкен Еуразия» төртжақты экономикалық форумын құруды ұсынамын.
Ал ядролық қарусыздануға байланысты жаһандық форумға сұраныс бар. Бүгінгі таңда бұл қаруды таратпау үшін нақты жұмыс істейтін механизмді жасау қажеттілігі туып отыр. Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін нақты жоспар әзірлеуді ұсынған болатын. Сондай-ақ Елбасы бастамашы болған Жаһандық көшбасшылар альянсы орталық алаң әрі қозғаушы күш болуы әбден мүмкін.