Коронавирустың таралуы жөнінен эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы аясында Алматыда карантин шаралары жеңілдетілді. Оңтүстік шаһарда «сары» аймақтың нормалары күшіне енді. Енді қалада сауда және ойын-сауық орталықтары, сұлулық салондары, бассейндер, СПА және фитнес орталықтары шектеусіз жұмыс істей алады. Сондай-ақ облысаралық және ішкі тасымалдауларға да рұқсат етілді.
Ал Батыс Қазақстан облысында карантиндік шаралар қайта күшеюі мүмкін. Бұған Ресейдің шекаралас облыстарында эпидемиологиялық ахуалдың күрт нашарлауы себеп болып отыр. Аймақтық жедел штаб жиынында «Ашық» қосымшасына сәйкес сағат таңғы 05:00-ге дейін жұмыс істейтін мейрамхана мен дәмханалардың қызметіне шектеу қою ұсынылды. Мониторингтік топтар адам көп жиналатын жерлерде санитарлық талаптардың сақталуын қатаң бақылауы тиіс. Сонымен қатар шекарадан өту талаптарын күшейту көзделген.
Айта кету керек, қазір батыс өңірі «жасыл» аймақта орналасқан. Дегенмен тек соңғы тәулікте 9 адам індет жұқтырғаны анықталды.