АҚШ-тың Кремний алқабында Орталық Еуразияның тұңғыш технологиялық конференциясы өтті. Онда ұсынылған үздік 100 өңірлік стартаптың қатарында қазақстандық жобалар да бар. Айта кетейік, бұл отандық бастамалардың дені америкалық нарықты бағындырып үлгерген. Аталған жиында біздің елмен қатар Орталық Азиядан Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан, сонымен қатар Әзірбайжан, Түркия, Моңғолия, Грузия өнертапқыштарының технологиялық бағыттағы тың идеялары таныстырылды. Оларды әлемдік ірі технологиялық компаниялар, университеттер, сондай-ақ венчурлік қорлардың өкілдері мен америкалық жетекші инвесторлар бағалады. Стартапшылар бұл шешімдерін таныстыру арқылы бүкіл өңірдің әлеуетін танытты. Сарапшылар Орталық Еуразияның болашағы зор деп болжайды. Олардың пайымынша, өңір таяу онжылдықта Кремний алқабынан кейінгі технологиялық компанияларды түлетуші аса ірі аймаққа айналмақ.
Рауан Кенжеханұлы, Bilim Media Group бас директоры:
– Кремний алқабы дүниежүзіндегі технологиялық жарыстың ең қайнаған орталығы. Сондықтан осы жерде бұл саланың ең алдыңғы қатарлы компаниялары, саланың дамуын анықтайтын мамандарымен өтіп жатқан кездесулер өте маңызды. Қазақстаннан келіп қатысып жатқан жас IT мамандарының стартаптарын бұл бағалау үшін, сонымен қатар өз жобаларын басқалармен салыстыру үшін, содан кейін осы салада жүрген мамандардың пікірін есту өте маңызды деп ойлаймын.
Әсет Әбдуәлиев Silkroad Innovation Hub негізін қалаушы, конференцияны ұйымдастырушы:
– Біз Орталық Еуразия компаниялары мен фанудерлерін құру идеясын алға тартып 2023 жылы «Silk Road Innovation Hub» іске қостық. Мен бұл өте табысты жоба болды деп сеніммен айта аламын. Бұл әлем бойынша Орталық Еуразия жобалары үшін ең ірі алаң. Соңғы жылдың ішінде 80-нен астам стартап біздің резидентіміз атанды. Бұл жобаларға 30 млн доллардан астам венчурлік инвестициялар тартылды.
Жеңіс Ермұқанов.