Қазақстан бірқатар ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарығын кеңейтуге ниетті. Бұл ретте ұн мен астық экспортына басымдық берілмек. Соңғысын сыртқа шикізат түрінде емес, дайын өнім күйінде жеткізу мақсаты қойылған. Бұл жөнінде Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді. Ведомства дерегінше бүгінде Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында астықты терең өңдеу технологиялары қолға алынып жатыр.
Еске салайық, қазір елде орақ науқаны қыза түсті. Бүгінгі таңда астықты алқаптардың 89%-ға жуығы жиналды. Қамбаға құйылған өнімнің жалпы көлемі 21 млн тоннаны құрайды. Әзірге орташа шығымдылық гектарынан 15 центнерден айналуда. Еліміздің оңтүстік өңірлерінде егін бастыру жұмыстары аяқталды. Астықты солтүстік өлкелерде науқан жалғасуда. Министрлікте атап өткендей, астық көлемі ішкі қажеттіліктерді қамтамасыз етуге жеткілікті.
Ермек Кенжеханұлы, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
– Мемлекет басшысы және жалпы Үкімет Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдына нақты міндеттер қойды. Біз осы тапсырмаларды орындау үшін астықты терең өңдеуге бағытталған бірқатар жобаны іске асырып жатырмыз. Осылайша астықтан мал азығы, яғни байытылған жем, қажетті дәрумендер және крахмал өндіретін боламыз. Бидайды терең өңдеуден алынатын өнімдерге деген сұраныс жоғары. Құны да әлдеқайда жоғары болады. Осылайша өндірушілер шикізаттан гөрі мол табысқа кенеле алады. Шаруалар өнімін өткізу нарығы бойынша да қам жемейді.