Еуразиялық даму банкі сарапшылары Қазақстан экономикасының 4% деңгейінде өсімін болжады. Бұған жаһандық экономиканың қалпына келуі мен мұнай бағасының өсуі ықпал етпек. Карантиндік шектеулердің әлсіреуі тұтынушылық сұранысқа жағымды әсер ететіндіктен, биыл елдегі өндіріс дағдарысқа дейінгі деңгейге оралады деп күтілуде. Бұл ретте көлік-логистика және туризм саласында қойылған шектеулер толығымен жойылмағандықтан, біршама қиындық сақталуы мүмкін.
Еуразиялық даму банкі хабарламасында, сондай-ақ экономикалық өсудің негізгі драйвері болатын құрылыс саласы неғұрлым жылдам қарқынмен дамитыны көрсетілді. Банктің жаңа шолуында Қазақстан экономикасы 2022 жылы 4,4% өсетіні және 2023 жылы оның өсімі 5% дейін жететіні атап өтілді. Осы жылдың қорытындысы бойынша инфляция 6,7% деңгейінде тіркеліп, ал 2022 жылы 5,7% дейін баяулайды деп болжанған.