Витебскіде «Славян базары» XXX халықаралық өнер фестивалі салтанатты түрде ашылады. Биыл әйгілі өнер додасында ел намысын 22 жастағы Рухия Байдүкенова қорғайды. Жас әнші Қазақ ұлттық өнер университетінің 3-курсында оқиды. Ал балалар арасындағы байқауға еліміздің атынан 10 жасар ақтаулық өрен Әмина Асгатова қатысады. Екі өнерпаз да бұған дейін республикалық және халықаралық байқауларда үздік атанған.
Айта кету керек, қазылар алқасының құрамында отандасымыз Димаш Құдайберген де бар. Әнші Беларусь елінде алғаш рет қазылық еткелі отырған жоқ. Ол 2018 жылы «Славян базарында» құрметті қазылар қатарында болды. Ал 2015 жылы өзі сол байқауға қатысып, гран-при жеңіп алған болатын.
Халықаралық өнер додасының биылғы жеңімпаздары 19 шілде күні белгілі болады. Жүзден жүйрік шыққан өнерпаз «Алтын Лира» иегері атанбақ.