Монополияға жол бермеу және нарықта тең жағдайлар жасау. Бұл шаралар Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттырады. Мәжілістегі дөңгелек үстел отырысында бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов солай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде елімізде отын-энергетика кешені, көлік және байланыс сынды негізгі салалардың монополиялық жағдайы сақталуда. Талқыланған заң жобасы монополиялық құрылымының қолданыстағы аралас тауар нарықтарына әсерін азайтуға және ресурстарға қолжетімділікті әлдеқайда кеңейтуге мүмкіндік береді. Құжатты әзірлеушілер бұл мәселелер бойынша экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымына мүше елдері сарапшыларының ұсынымдарын ескергенін атап өтті.
Рустам Ахметов, ҚР ҰЭМ Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің төрағасы:
- Сабақтас салалардың инвестициялық тартымдылығы нарық қатысушыларының ресурстарға қолжетімділігіне байланысты. Нарықты демонополизациялау тиімсіз делдалдарды жоюға, қатысушылардың маржиналдылығын төмендетуге бағытталған. Қолжетімділікті қамтамасыз ететін ережелерді енгізе отырып мұнай, көмір, энергетика, теміржол тасымалындағы компаниялар белгілейтін үстеме құнды төмендетуге жол ашылады. Бұл Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттырады және елге жаңа инвесторлар мен өндірушілерді тартуға мүмкіндік береді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов