1 жыл. Әлем пандемиямен бетпе-бет келгелі дәл осынша уақыт өте шыққан. Осы кезеңде жұртшылық «тәжтажал» атап кеткен инфекция адамзат өмірін түбегейлі өзгертті десек болады.
Ең алдымен әр ел іргесін қымтады. Қауіпсіздігін күшейтті. Қазақстан да шекарасын бекітіп, әуе қатынасын үзген. Алайда індет елімізді айналып өтпеді. Вирусты жұқтырудың бірінші дерегі 13 наурызда белгілі болған еді. Германиядан келген екі отандасымыздан анықталған вирус ел ішіне тез жайыла бастағанда мемлекеттік деңгейде шұғыл шараларды қолға алу керек болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаулысымен 16 наурыздан15 сәуірге дейінгі кезеңде елімізде төтенше жағдай енгізілді. Халық жаппай үйге тығылды. Оқу форматы, жұмыс істеу тәсілі, жалпы тіршілік тынысы бір сәтте өзгеріп шыға келген сындарлы сәттер басталды.
Мерекелік концерттер көрерменсіз өтіп, ән кештері кейінге қалды. Белгілі әнші Марат Омаровтың халықты мойымауға шақырып, «Коронавирус, кет, кет, кет!» деп ән шырқағаны да осы кез.
Пандемия кезінде моральдық қана емес, материалдық қолдау да аса маңызды еді. Қазақстан – коронавирустан зардап шеккендерге жәрдемақы төлеген санаулы мемлекеттердің бірі. 42 500 теңге көлеміндегі төлем 2 млн 353,8 мың қазақстандықтың жоғын түгендемесе де, жыртығын жамады.
Дегенмен коронавирус ең алдымен медицина саласына түскен зор салмақ екенін айту керек. Әуелгіде дәрігерлер қауымына да еш білгісіз бұл дерт бүгінде медицинаның дамуына зор серпін берді.
Ерлан Байтанаев, ҚР ДСМ санитарлық эпидемиология бақылау комитетінің ресми өкілі:
- Коронавирус инфекциясын болдырмау бойынша Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан бізде 24 сағат жұмыс істейтін оперативтік орталықтар әлі де жұмысын жалғастыруда. Жалпы бір жылдың ішінде бізде бұл вируспен күресу мәселелері өте қауырт жүргізілді. Қазіргі уақытта бізде коронавирусты диагностикалау бойынша 145 зертхана және материалдарды жинақтауға арналған 64 пункт жұмыс істейді. Уақытылы медициналық көмек көрсетілу үшін қалаларда 16 модульдік аурухананың құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді және 3 инфекциялық аурухана қайта жаңартылды. Сондай-ақ 63 амбулаториялық емхана пайдалануға бір жылдың ішінде берілді.
Бүгінде коронавирустың қадамына тұсау салатын вакцинаға артылған үміт зор. Әлемдегі әріптестерімен бірге Қазақстан ғалымдары да COVID-19-ды жеңетін вакцина ойлап табуға бел шеше кірісті. Нәтижесінде QazCovid-іn вакцинасы сынақтан өтуде.
Індет талай отандасымызды жақынынан айырды, талай жан денсаулықтың қадірін түсінді. Індет қаупі сейілгендей көрінгенімен, оны әлі толық жеңген жоқпыз. Мұны Twitter парақшасында арнайы жазба қалдырған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та атап айтты. «Барша отандастарымызды ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуге шақырамын», – деді Мемлекет басшысы. Ендеше, саулық сақтықта екенін естен шығармайық.