Сұм соғыс салған зұлмат халық жүрегінен өшпейді. Бұған арада 70 жылдан астам уақыт өтсе де, майдан даласынан оралмаған аталарын, бауырларын іздейтін жандар дәлел. Солардың бірі – Мәдениет әжей. Бүгінде жасы 83-тен асқан ақжаулықты ана әкесі соғысқа аттанғанда небәрі 3 жаста болған екен. Әкесі Қамен Жұманов – соғыста хабарсыз кеткен қазақ майдангерлерінің бірі. Жауынгердің сүйегі биыл ғана Ресей жерінен табылды. «Пионер» іздестіру тобы оның сүйегін төсбелгісі арқылы көрші елдің Тверь облысының Ржев ауданынан тапқан. Бұл хабарды естіген жауынгердің қызы әке зиратына жетуге асығып отыр.
Мәдениет Қаменқызы, Қорғалжын ауданының тұрғыны:
- Ескендір деген жігітпен соғысқа бірге аттанды. Сонымен екеуі бірге болған. Ол кісі тірі келді. «Сонда әкеңе оқ тиді. Бірақ өлі-тірісін білмеймін. Бір талдың арасында қалды», – деді. Маған айтқан сөзі сол. Барып, көргім келеді. Беріп жатса, елге алып келгім келеді.
Мұрат Молдағалиев, «Atamnyn amanaty» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы:
- Қазіргі уақытта Ресей тарапымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Ресейлік «Пионер» іздеу отряды, біздің келісіміміз бойынша қазақ батырының сүйегін Ресейдегі Қазақстан елшілігіне жеткізуі керек. Осыдан кейін марқұмның сүйектерін осында Қорғаныс министрлігінің арнайы жасағы салтанатты түрде жеткізіп, отбасына құрметпен тапсырып, жерлейді.
Қазақстан аумағынан соғысқа аттанғандардың 271 мыңы хабар-ошарсыз кетті. Олардың тағдыры мен жерленген жерін анықтауға «Atamnyn amanaty» қоғамдық бірлестігі жұмылды. Барлығы екі жыл ішінде бірлестікке қазақстандықтардан 4,5 мыңнан астам өтініш түскен. Қазірдің өзінде 850 майдангердің сүйегі табылды.
Мұрат Молдағалиев, «Atamnyn amanaty» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы:
- Әрбір қазақстандық біздің ұйымға хабарласа алады. Барлық байланыс телефондары ресми сайтта және Instagram парақшасында көрсетілген немесе біздің іздеу тобына сұраныс қалдырсаңыз болғаны.
Әлеуметтік желілерде «Atamnyn amanaty» жалпыұлттық челленджі басталғанын айта кеткен жөн. Челленджге қатысу үшін жауынгер аталарының соғыста жазған хаттарын оқып, #атамныңаманаты75, #ruhkz, #jasulan75, #ata.amanaty хэштегтерімен пост дайындау керек. Сонымен қатар сұрапыл соғыс жылдарындағы отбасы тарихы туралы айтып, ата-бабаларына ризашылық пен алғыс білдірушілерге де жол ашық.
Авторы: Әсел Күшенғалиева