Қазақстанда майнинг салығы өседі

Қазақстанда майнинг салығы өседі

Қазақстанда криптовалюта өндірумен айналысатындар бюджетке көбірек салық төлейді. Алайда оны көтермес бұрын цифрлық өндірісті реттеу мен дамыту бойынша толыққанды жоспар әзірленбек. Сонымен қатар елдегі осы саладағы ферманың бәрін анықтап, тексеру көзделген. Жақында өткен ел Үкіметінің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев майнерлердің бір киловат қуат үшін төлейтін теңге мөлшерлемесі мардымсыз екенін айтқан болатын. Себебі еліміздегі заңсыз криптофермалар 1,4 киловаттан астам электр энергиясын тұтынады. Бұл ресми жұмыс істейтін майнерлер кәдеге жарататын көлемнен 2 есе көп.

Арман Байғанов, экономист:

- Қазақстанда алынатын салық жалпы алғанда төмен мөлшерлемелердің бірі болып саналады. Мәселен, біздің салықтық база Ресеймен салыстырғанда әлдеқайда аз. Онда қосымша құн салығы 20% болса, бізде 19%. Айырмашылық бар. Тіпті жеке тұлғалар үшін табыс салығы 13%, бізде 10%. Яғни, елімізде қолданылып жүрген салық жүйелері Америка мен Еуропаға қарағанда әлдеқайда тиімді. Менің ойымша, Президенттің «жаңа тарифтер мен салық мөлшерлемелерін бекітіп, оларды күшейту керек» деген тапсырмасы бюджеттік түсімдерді арттыру үшін қажет. Бұл майнингтік компаниялардың қалтасына ауыр тиіп, көбі кәсібін тоқтатуы мүмкін.

Еске салайық, Қазақстан осы сала бойынша әлемдік көшбасшылардың біріне айналды. Былтыр тамызда әлемдік майнинг көлемінің 18% үлесін алған еліміз бұл көрсеткіш бойынша тек АҚШ-ты алға жіберіп екінші орынға тұрақтады. Үштікті Ресей тұйықтайды.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов