Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға жалпы саны 290 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Оның 160 мыңы бірінші мүмкіндікті пайдалануға болса, 130 мыңы екінші мүмкіндікті пайдалануға берілген. ҰБТ- ның қорытындысы бойынша 154 мың талапкер екі мүмкіндікті қоса алғанда 276 мың рет тест тапсырды. Бұл туралы ОКҚ өткен брифинг барысында еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілі мәлім етті. Гүлжан Джарасованың айтуынша, биыл түлектердің 76 проценті ана тілінде, 24 проценті орыс және 213 бала ағылшын тілінде тест тапсырған.
Гүлжан Джарасова, ҚР ғылым және жоғары білім министрлігінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директорые:
– Біріншіден, биылғы тест тапсырмаларының барлығы жаңартылған білім бағдарламалары бойынша құрастырылды. Екінші, биылғы ҰБТ-ның базасында Қазақстан тарихы пәні бойынша жалпы тесттердің саны сақталды, 15 болды. Оның ішінде бесеуі контексттік тест сұрақтарынан тұрды. Үшінші, шекті баллдарға келетін болсақ, биыл Құқық білім беру саласы бойынша шекті балл өзгерді, ол 75 баллды құрайды. Қалған білім берудің басқа салалары бойынша өзгерістер жоқ.
Айта кетейік, Ұлттық бірыңғай тест биыл да электронды форматта 43 тестілеу орталығында, бір компьютер, екі камера бір тестіленуші қағидаты бойынша өтті. Сондай-ақ, ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлердің тестілеуі ыңғайлы өтуі үшін емтихан уақыты 40 минутқа ұзартылған. Ондай категорияға жататын түлектер саны 811-ге жеткен. Өткен жылы олардың саны бар-жоғы 90 түлек еді.