Биыл сегіз елден 200-дей этникалық қазақ баласы этнолагерьде демалды

Биыл әлемнің 8 елінен 200 бала «Жас қазақ» жазғы этнолагерьде демалып қайтты.  Сауықтыру орны Қазақстанның ең көрікті жерлерінің бірі «Бурабай» курортында жайғасқан. Қытай, Иран, Ресей, Беларусь, АҚШ, Монғолия, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінде тұрып жатқан этникалық қазақ балалары екі апта бойы қызықты сауықтыру және танымдық оқыту бағдарламаларымен қамтылды. Әрбірі тарихи Отанында ана тілін меңгеріп, ат тізгіндеу, садақ ату, салт-дәстүр, қолөнер сынды қазыналы қазақ халқының төл мәдениетіне қанығып, атакәсіп түрлеріне машықтанды. 

Абзал Сапарбекұлы, « Отандастар қорының» президенті:

- Жобаның тағы бір мақсаты бар. Бұл осы елге келіп Қазақстанды көрген балаларды келешекте елімізде  білім алуға шақыру. Сондықтан бұл жерде қатысып жатқан балалардың көпшілігі соңғы сыныпта оқып жатқан балалар. Бүгін сіздердің әріптестеріңіз сауалнама жүргізген. Сұраған әрбір 5 баланың 4-і келешекте Қазақстанға келіп білім алсам деген нинеттерін білдіріп жатыр.

Монғолиядан келген Иманбек Книязұлы атажұрт топырағын алғаш басқанын айтады. Балалық арманы орындалды. Тарихи Отанында болған қысқа уақыт ішінде домбырада ойнаудың қыр-сырын меңгеріп алған. Ол ұлттық аспапқа деген қызығушылық қанмен берілгеніне сенімді. Жырақты  пана еткен өзге де қандас бауырларымен қауышып, достасқанына қуанышты. Енді осында біліп-түйгенін этнолагерьдің жабылу салтанатында паш етпекші.

Иманбек Книязұлы,  лагерге қатысушы /Монғолия/

- Бұл жерде барлығымен танысып, барлығымен достастым деуге болады. Ираннан,  Ресейден, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Қытайдан. Бұл жер маған ұнап жатыр. Қазақстан әдемі. Күнделікті бұнда бізге қазақ тілі сабағы, тарих сабағы тағыда басқа садақ ату деген сияқты сабақтар үйретеді қызықты,  домбыраны үйретеді. Дәл қазір біз кешкі жабылу салтанатына дайындалып жатырмыз.  

Ресей азаматы Дана Жұмабаева – домбыра үйірмесіне үзбей қатысқан жігерлі қазақ жастарының бірі. Ұлттық аспаптың құлағында ойнамаса да, бірен-саран қазақ күйін нақышына салып, шерте алатын деңгейге жеткен. Болашақта бұл әуестігін кәсіби тұрғыда дамытқысы келеді. 

Дана Жұмабаева, лагерге қатысушы « РФ, Мәскеу/

-  Маған біздің халықтың аспабы – домбырада ойнаған ұнайды. Бұған дейін гитарамен әуестенген едім. Бұл дағдым домбыраны тез меңгеруіме сеп болды. Іздегенімді тапқан сияқтымын. Домбыра үні мені жаулап алды. Балалардың бәрімен тез тіл табыстым. Жаңа достарыммен қоштасқым келмейді. Лагердің өзі үлкен әсерге бөледі. Өте әдемі, жайлы, көңілге жағымды. 

Жоба негізінен қазақ өнеріне жақын, дарынды балалардың басын қосты. Олар арнайы байқау талаптарына сай іріктелді. Әрбірінің қазақ тілі мен Қазақстан тарихына қатысты білімі сыналды.

Айша Оқтаубаева, лагерге қатысушы  /РФ, Барнауыл/

- Мен жаңа достар тауып, Қазақстан жайлы ой өрісім кеңейе түсті. Қазақ тілі конкурсынан мүдірмей осында жолдама алдым. Сынақ Алтай өңірінде өтті. Оған 100 адам қатысты. Соның ішінен тек 4 адамға осы мүмкіндік бұйырды.

Этникалық қазақ балаларына арналған этно-лагер 2019 жылы ашылды.  Содан бері сұраныс көп. Тек жаһандық пандемияға орай екі жыл қатарынан қонақ қабылдай алмады. Сауықтыру орнының жұмысы 2022 жылы қайта жанданып, келушілер қатары екі есе артқан. Балалардың дені алдағы жылы Қазақстанға қайта келіп, волонтерлікпен айналысуға ниет танытып отыр.