Израильдегі
әскери-саяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты 118 Қазақстан азаматы елімізге
оралуға ниет білдірген. Бірер күнде оларды қауіпсіз жерге шығару үшін арнайы рейспен елімізден ұшақ жіберіледі,-
деді Сыртқы істер министрінің ресми өкілі Айбек Смадияров. Айтуынша, Израильде
қаза болған, зардап шеккен немесе кепілге алынған отандастарымыз жайлы ешбір ақпарат
түспеген. Бүгінде консулдық есепте 77 адам бар. Сонымен қатар, 5 студент және 30-ға жуық отандасымыз сол елде
медициналық тағлымдамадан өтіп жатыр. Сондай-ақ есепке тұрмаған тағы 400-ден
астам қазақстандық болуы мүмкін.
Айбек Смадияров,
ҚР Сыртқы істер министрінің ресми өкілі:
-Сыртқы істер министрлігінде
және Қазақстанның Тель-Авивтегі елшілігінде Израиль аумағындағы ҚР азаматтары
мен олардың еліміздегі туыстары үшін жедел желі ашылды. Осы екі күн ішінде
отандастарымыздан 500-ден аса қоңырау түсіп, оларға жауап берілді. Дипломаттарымыз
Израильдегі Қазақстан азаматтарымен тұрақты байланыста және олармен жедел
іс-қимыл жасау мақсатында арнайы
мессенджерде чат құрды. Қазір Израильде тұратын 200-ге жуық Қазақстан
азаматы қосылған. Бұл чатта отандастарымыз өздерінің тұратын жері туралы
хабарлап, дипломаттармен тұрақты байланыс орнатты.
7 қазанда Израильдегі қақтығысқа байланысты Қазақстанның сыртқы істер министрлі шетелдегі төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл алгоритмін дереу орындауға кірісті. Бұған дейін министрлік бұл жағдайға қатысты пікір білдірді.
Айбек Смадияров,
ҚР Сыртқы істер министрінің ресми өкілі:
-Қазақстан
көптеген бейбіт тұрғындардың қаза болуына әкеп соққан Палестина-Израиль
қақтығысының өршуіне терең алаңдаушылық білдіреді. Тараптарды ахуалды бейбіт
жолмен шешу үшін саяси құралдар іздестіруге және тек екі мемлекет арасындағы
ғана емес, жалпы Таяу Шығыстағы жағдайдың одан әрі ушығуына әкелуі ықтимал
іс-әрекеттерге бармауға шақырамыз.