Интеллектуалды навигациялық жүйе, білім беру платформалары, заманауи қала көшелерінің бейнеталдауы және тағы да басқа қызметтер. Бұдан өзге IT саласының кәсіпқойлары тағы не дайындауда? «Astana Hub» мүшелерінің күнделікті тың ойлары қазақстандықтардың өмірін әлдеқайда жайлы ететін нақты жобаларға айналуда. Бүгінде талантты қазақстандықтар тұтас корпорациялар құруда. Мұндай бизнес тың идеядан бастау алуда. Бұл – Қанат Келдібековтің идеясы. Онлайн басқаруға болатын «ақылды» құлып. Ол өзі жылжымайтын мүліктің иесі бола тұра, бірнеше рет қоныстанғысы келетін азаматтармен дұрыс кездесе алмаған. Нәтижесінде жаңа технология аталған мәселенің шешімін табумен қатар, табысты бизнес көзіне айналған.
Қанат Келдібеков, стартаптың негізін қалаушы:
- Дами бастадық, мобильді қосымша жасадық. Қытайдан жеткізуші тауып, алғашқы партиясын алып келіп пайдаландық. Біз мобильді қосымша арқылы пәтерді 1 минутта жалға алуға болатын өнімді жасап шығардық. Бұрын кептелісте тұратын уақыттан бөлек жалға алу үшін 1-2 сағат кететін болса, қазір басқаша. Үйге қоныстануға көп уақыт кетпеуін қадағалаймыз және қаражатыңызды үнемдейміз.
Қашықтан басқаруға болатын құлыптардың сатылымы күн сайын артып келеді. Бүгінде алдын ала тапсырысты қазақстандықтар ғана емес, Ресейдің бизнесмендері де жасауда. IT-қызметтердің экспорты 1 жылдан астам уақыт ішінде 36 млрд теңгені құрағанын айта кеткен жөн. Еліміздің ең ірі «Astana Hub» технопаркінің қызметкерлері 2,5 жылдың ішінде 124 млрд теңге табыс тауып, 34,5 млрд инвестиция тартты. Сондай-ақ олар технология әлеміндегі басқа да стартап жұлдыздарын жасап шығару үшін жаңа бағдарламалар ашуда.
Абай Абсамет, «Astana Hub» IT-стартаптар халықаралық технопаркінің басқарушы директоры:
- Биыл «Astana Hub» Президенттің 100 мың жаңа маман құру жөніндегі тапсырмасы аясында «Техорда» деп аталатын бағдарламаны іске қосты. Оның аясында біз жеке бағдарламалау мектептерінің қатысушыларын субсидиялаймыз. 5 жыл ішінде бұл бағдарламадан 20 мыңға жуық IT-маман өтеді деп жоспарлаудамыз. Сондай-ақ «Astana Hub» тарихында алғаш рет IT-жобаларды қаржыландыру бағдарламасын іске қосты.
Бүгінде технопарктің резиденттері қатарында 539 ІТ-компания бар, оның 47-сі ғана шетелдік компаниялар. «Astana Hub» басшылығының айтуынша, олар 2025 жылға қарай 500 млн доллардың ІТ-қызметтерін экспорттауға қол жеткізуге ниетті.