7 жылда 1,5 млн контейнер. Бұл – Ляньюньган қаласындағы Қазақстан мен Қытайдың бірлескен логистикалық терминалы арқылы өткен жүк көлемі. Бұл айлақ Шығыс Азиядан Қытай мен Қазақстан арқылы және кері бағытта тауар тасымалдайтын басты хаб болып саналады. Бірлескен кәсіпорын теңіз бен құрлық арқылы халықаралық жүк тасымалымен айналысады. Мұнда экспорттық тауарлар жедел кедендік рәсімдеуден өте алады.
Чжу Сянъян, «Ляньюньган айлағы компаниялар тобының» президенті:
- Теңіз бағдарымыз көп. Олардың жиілігін арттыруды көздеп отырмыз, осыған байланысты бәсеке де өседі. Алтынкөл станциясында құрғақ айлағымыз да бар. Сондықтан қазақстандық кәсіпкерлердің бір артықшылығы бар. Олар қазақстандық қызметкерлер істейтін Ляньюньгандағы терминалмен құрғақ айлақ арқылы немесе тікелей байланыса алады. Қазақстандық кәсіпкерлерге тиімді логистикалық шешімдер әзірлеуге қолдау көрсетуге дайынбыз.
Айта кетейік, теміржолмен Қазақстан аумағы арқылы Ляньюньганнан Еуропаға тауарларды жеткізу уақыты да қысқарған. Бүгінде ол небәрі 18 күнді құрайды. Қазір компания Каспий теңізі және Түркия арқылы жүк тасымалдауды игере бастады. Бұл бағдармен жүк екі аптадан сәл асатын уақытта жетеді деп жоспарланып отыр.