Қазақстанда 2021 жылы ішкі туристердің рекордтық саны тіркелді

Қазақстанда 2021 жылы ішкі туристердің рекордтық саны тіркелді

Қазақстанда туризм саласы қалпына келуде. Оған статистика көрсеткіші дәлел. Мәселен, былтыр елімізде 7 миллионға жуық адам демалған. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 35%-ке және ковидке дейінгі 2019 жылдан 5%-ке жоғары, деп хабарлайды «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясының баспасөз қызметі.

Бұл ретте ең жоғары көрсеткіш ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға барған экотуристер арасында тіркелген, олардың саны бір жарым миллионға жуық қазақстандықты құрайды. Курорттар мен басқа да демалыс орындары көрсеткен қызмет көлемі 109 млрд теңгені немесе коронавирус пандемиясына дейінгі кезеңнің 90 процентін құрады.

Мамандардың айтуынша, шетелдік туристердің арасында да өсім байқалады. Былтыр елімізге 330 мың шетелдік турист келген, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 31%-ке артық. Сонымен қатар, тек осы жылдың басынан бастап 74 мемлекетпен визасыз режим қайта жаңғыртылғаны атап өтілді. Сырттан келу бойынша туризм тек 2024 жылы ғана толық қалпына келеді, дейді сарапшылар.