Бейжіңде наурыздың 4-13-ші аралығында қысқы Паралимпиада ойындары басталады. Ұйымдастырушылар төртжылдықтың басты ойындарын өткізуге толық дайын екендерін жеткізді. Параатлеттер жарысы үш түрлі өңірде: Бейжіңде, Яньцин астаналық ауданы мен Чжанцзякоу қаласында өтеді. Сонымен қатар спорттық және басқа да нысандар параатлеттерге бейімделіп жасалды. Аспанасты елінің бас қаласында 300 мыңнан астам орын жаңартылды. Енді олар мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді.
Дун Ляньминь, Бейжің мүмкіндігі шектеулі жандар федерациясының вице-президенті:
- 8 спорт нысаны мен 2 Паралимпиада ауылы толықтай дайын. Сондай-ақ 25 мамандандырылған аурухана, 60 қонақүй мен 7 Паралимпиадалық мейрамхана арнайы жабдықталды.
Айта кетейік, қысқы Паралимпиада ойындарына 700-ге жуық спортшы қатысады. Тау шаңғысы мен шаңғы жарысы, биатлон, сноуборд, шана хоккейі мен арбадағы кёрлинг секілді спорттың 6 түрінен бас-аяғы 78 медаль сарапқа салынады. Қазақстан атынан бес спортшымыз өнер көрсетеді.