Екінші Дүниежүзілік Соғыс кезінде
қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің сүйегі Ресейден елге жеткізілді.
Отандық майдангерлердің үшеуі де ұрыс алаңында қаза тапқан. Қисым Әдиев –
қазіргі Атырау, Силан Мәметов Қызылорда, Қадырбек Дәулетқұлов – Жамбыл өңірлерінің
тумалары. Отан үшін от кешкен батыр бабаларымыз туған жерлерінде құрметпен жер
қойнауына тапсырылады. Жалпы ресейлік әріптестермен бірлесіп 19 жауынгердің
сүйегі табылды.
Мұрат Молдағалиев, «Atamnyn amanaty»
қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы:
-Мемлекет бұл іске үлкен қолдау
көрсетеді. Өкінішке орай, қаза болған жауынгерлердің туған-туыстарын таба алмай
қалатын жағдайлар болады. Мәселен, қазірде 4 жауынгер бабамыздың жақындарын
таба алмадық. Оларды туған жерінде жерлеуді облыс әкімдіктері өз мойнына алды.
Яғни, барлық салтанатты шара мемлекет күшімен жүргізіледі.
Мәселен, Жамбыл облысының тумасы
Қадырбек Дәулетқұлов шекарашы болып әскерге шақырылған. Ал, 1943 жылы Курск
доғасындағы шайқаста ерлікпен қаза тапқан.
Ернұр Нәметқұл:
-Ол кісінің сүйегі табылғаны
туралы хабар осыдан бір ай бұрын туған апамызға, осы «Атамның Аманаты»
хабарласып айтқан болатын. Ол кісі 1941 жылы майданға аттанған. Ол кісі үйленіп
те үлгермей, отбасылы бола алмаған, балалары жоқ. Сол кісінің ағасының шөбересі
боламын.