Қазақстандағы жаппай тәртіпсіздік фактілері бойынша қылмыстық істердің саны 695-ке дейін артты. 780 адам ауыр және аса ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінді, олардың 700-ге жуығы қамауға алынды. Бұл туралы еліміздің Бас прокурорының аға көмекшісі Азамат Сарғазин мәлімдеді. Ол терроризм бабы бойынша 44 сотқа дейінгі тергеудің басталғанын айтты. 15-і кісі өлтіру фактісі бойынша ашылса, тағы 6 іс билікті басып алуға үгіт-насихат жүргізгендерге қатысты қозғалған. Төтенше жағдай кезіндегі әкімшілік құқық бұзушылықтарға келетін болсақ Бас прокуратураның мәліметінше, сот қамауға алғандардың көпшілігін босатқан.
Азамат Сарғазин, ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі:
- Осы оқиғалармен байланысты барлығы 8 354 әкімшілік іс қаралды. Сот пен прокурорлар жеңілдететін мән-жайлар мен адамдардың өкінішін ескеріп 3 337 құқықбұзушыны қамаққа алмай, ескерту жасады. 1 653 іс бойынша сот айыппұл салды. Бүгінгі таңда 1 002 адам қамауға алынған.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов