Қазақстандық балет артисі Бахтияр Адамжан Рим операсы мен Арена ди Верона сахнасында өнер көрсетіп, Италияның талғампаз көрерменінің жүрегін жаулады. «Астана Опера» театрының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері бүгінде шетелде жақсы танымал. Балет өнерін кәсіп еткен қазақ баласы жайлы шетелдік басылымдар жарыса жазып, оның өнерін жоғары бағалады. «15 мың көрермен сыятын Арена ди Верона антикалық амфитеатрының атмосферасы ерекше», – дейді жерлесіміз.
Бахтияр Адамжан, «Астана Опера» театрының жетекші солисі:
- Көптеген шақырту түсіп жатты, бірақ оның барлығы ысырылып, уақытын ауыстыра берді. Десе де сапарымызды мамыр айынан бастап кеттік. Бірінші көрші Ресей мемлекетіне барып келдім, содан кейін міне, көптен күткен Италияға да жеттім. Рим қаласына бардым. Біздің Италияға гастрольдік сапарымыз Верона аренасынан басталды. Бұл әйгілі «Ласкаланың этуалі», «Роберто Болле және оның достарының» гала-концерті болды. Үлкен фестиваль осы балетпен аяқталды.
Веронадағы фестивальден кейін отандық балет артисі Италия көрерменімен 14, 15, 16 қыркүйек күндері қайта қауышқан. Онда ол көрнекті хореограф Ролан Петидің «Құдай Ана соборы» қойылымының Рим операсындағы тұсаукесерінде Квазимодо партиясын таныстырған. Еуропада қазақ балетінің деңгейін көрсетіп қайтқан Бахтияр Адамжан отандық көрермендермен сағынысып көрісті.
Бахтияр Адамжан, «Астана Опера» театрының жетекші солисі:
- Мен үшін қазіргі таңда үлкен жұмыс бітті. Римге өте мұқият дайындалдым. Енді 1-2 ай бойы «Астана Операға» назар аударуым керек. Желтоқсанда мені Ямайкаға шақырды, бірақ мен олардан бас тартуға мәжбүр болдым. Биыл – Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Менің ойымша, бұл – біздің ел үшін өте маңызды мерейтой, сондықтан оны үйде атап өтуім керек.
Авторы: Ақзер Сегізбай