Қазақстандық БАҚ бір-бірімен ғана емес, сондай-ақ халықаралық кеңістікте бәсекелестік қарым-қатынас орнатқан. Бұл туралы елордада өткен бұқаралық медианы реттеу жөніндегі заңнама тұжырымдамасын талқылауға арналған конференция барысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев мәлімдеді. Ведомство өкілінің айтуынша, отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыру – заңнаманың басым бағыттарының бірі. «Сондай-ақ журналист мәртебесін айқындау жоспарланған. Дегенмен оны жүзеге асыру тетіктері әлі де қарастырылып жатыр», – деді вице-министр.
Кемелбек Ойшыбаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі:
- Нақты қазіргі уақытта статусы осындай болуы керек немесе бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтіндермен теңестіру керек деп айту қиын. Себебі БАҚ мемлекеттік және мемлекеттік емес болып бөлінеді. Сондықтан олардың деңгейін бюджеттік мекемелердің деңгейіне сәйкестендіру дұрыс емес. Қазақстанда БАҚ-тың 80% мемлекеттік емес. Жалпы журналистердің статусын белгілеу, деңгейін көтеру керек екенін түсінеміз. Бірақ қай бағытта, нақты қандай түрде белгілейтінімізді талқылау үстіндеміз.
Вице-министр пандемия кезінде журналистердің қауіпті аймақтың алғы шебінде жүргенін еске сала отырып, министрлік үшін басымдықтардың маңызды блогы – журналистердің құқықтарын қорғау болып қала беретінін айтты. Оның айтуынша, бұл бағытта да бірқатар ұсыныс әзірленуде. Мысалы журналист өз қызметін соғыс қимылдары, қарулы қақтығыстар, төтенше жағдай сияқты ерекше оқиғалар барысында жүзеге асырған жағдайда оған құқықтық кепілдіктер бекіту ұсынылады.